Бүгін Астанада жаңа саяси маусымның шымылдығы түрілді. Сағат 11:00-ге белгіленген Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысына журналистер таңғы тоғыздан бастап жиналды.
Үкімет үйіндегі жиынға Tengrinews.kz тілшісі де қатысып, екі айлық үзілістен кейін депутаттардың жаңа сессияға дайындығын бақылап қайтты.
Парламент тарай ма?
Отырыс залына ең бірінші болып өткен Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл қарша бораған сауалдардың астында қалды.
"Саяси реформаларға қатысты жазда түрлі әңгімелер мен болжамдарды естідім. Әзірге, анау айтқандай үлкен өзгерістер жоқ. Бір айта кететіні, облыс орталықтары әкімдерін сайлау жүргізілетіндіктен атқарушы билік бағытында таңдау туындайды. Өз басым Парламенттік республикаға өту сынды үлкен өзгерістер күтпеймін", - деді депутат.
Депутат Бәпидің болжамы
Екінші болып отырыс залына БАҚ өкілдері арасынан өткен депутаттың бірі – Ермұрат Бәпи. Ә дегеннен "Халықтың жағдайы жақсы" деген депутаттан "Парламент құрамы тарай ма?" деп төтесінен сұрадық.
"Үкімет құрамы тарайды деген қоғамда айтылып жүрген қаңқу сөз. Нақты бұл жөнінде ешқандай ресми билік тарапынан мәлімет айтылмады. Депутаттарды тарату қажеттілігі жоқ, қазір елде тұрақтылық, тыныштық. Бізді таратуға өте бір қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Толқу туындаса, Үкімет пен Парламент арасында кризис болса бір сәрі. Тып-тыныш жатқан Парламентті таратудың қандай қажеттілігі бар?! Парламентті 2027- жылдарға таман таратуға болады деп ойлаймын. Бәлкім, 2027 жылдың басы немесе аяғы, Тоқаев мырзаның мерзімі аяқталар алдында болады", - деді Ермұрат Бәпи.
Базарбектің рейді мен Аймағамбетовтің демалысы
Алматыдан сайланған депутат Бақытжан Базарбек тілшілердің " Күнге әбден күйіпсіз, демалысыңыз қалай өтті?" деген сұрағына: "Бұл Алматының аптап ыстығы" деп әзілмен жауап қатты. Айтуынша, жазғы 60 күннің 53-ін жұмысқа арнағанын, заңсыз құрылыстарға 12 тексеріс, 16 рейд жүргізгенін айтты.
"Алдағы демалыс Алматы маңында салынған заңсыз құрылыстарға рейд жүргізетін боламын. Жаңа маусым атқаратын жұмыстар шаш етектен, демалуға уақыт жоқ. Парламентте аса қатты өзгеріс болады деп ойламаймын, бәріміз жұмыс істеуді құлшына бастап кеттік", - деді Базарбек.
Асхат Аймағамбетов жаңа сессия алдындағы жазғы демалысын отбасымен өткізіп, ел ішінде демалыпты.
"Балалармен футбол ойнадым, тауға шықтым, бірге кітап оқыдық. Белсенді демалыс әлдеқайда қызығырақ", – деді депутат.
Аймағамбетов алғаш рет балаларымен Катонқарағайға барып, сапардың ерекше әсер қалдырғанын айтты. Алматы таулары да үлкен әсер берген. Сонымен қатар ол жазда да жұмыс тоқтамағанын, заң жобалары талқыланып, әріптестермен кездесулер өткенін атап өтті.
"Қыркүйектің бірінші күнінен бастап жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін, мысалы, комитет отырысы өтті", – деді ол.
Кулуарға шыққан қос министр
Министрлерден кулуарға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Еңбек министрі Светлана Жақыпова шықты. Мырзабосынов "Қайрат-Реал" матчіне стадион дайындығы мен билет бағаларына қатысты сұраққа жауап берді.
"Билет бағасы бүгінгі таңда белгісіз. Клуб мен УЕФА тарапымен келісіп, оның бағасы, сатылатын жері қосымша хабарланады. Осы сәтті пайдаланып, билет сатып алатын жерлер мен билет құнын байқау керек. Себебі көптеген алдайтын платформалар көп, халық алданып қалмауы тиіс. Біз ресми түрде билеттерді қай жерде, қай уақыттан бастап сатылатынын жариялайтын боламыз", - деді министр.
Еңбек министрі Светлана Жақыпова енді жағдайы жақсы көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілмеуі мүмкін екенін мәлім етті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бес минутқа созылған рекордтық отырыс
Жаңа сессия басталар алдында Әнұран орындалып, кейін бірлескен отырыс жабық деп жарияланды.
Жиын небәрі бес минутқа созылды. Отырыстың мұндай қысқа болатынын депутаттардың өздері де күтпеген тәрізді. Ринат Зайытов шыққан бетте "отырысқа журналистерді көру үшін келдік" деп әзіл-шыны аралас жауап берді.
Белгілі болғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын 8- қыркүйекте Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында жасайды. Дәстүрлі түрде Президент саяси сессияның ашылуында сөз сөйлейтін, алайда биыл ол Қытайға Си Цзиньпиннің шақыруымен барғандықтан, Жолдау бір аптаға шегерілді. Осылайша, алдағы аптада депутаттар мен Үкімет мүшелері Астанада тағы да жиналады.
Фото авторы: ©️ Tengrinews.kz / Маржан Қуандық